«Крахмал өндіретін кәсіпорынның мақсаты - дайын өнім көлемін ұлғайту, сондықтан да жүгері дақылының ауқымды көлемі қашан да қажет. Өйткені, бұл негізгі шикізат. Өндіріс көлемін арттыру халықты жұмыспен қамтудың маңызды әлеуметтік мәселесін шешеді. Кадрлар көбейіп, қосымша тұрақты жұмыс орындары пайда болады, бұл өз кезегінде ауданның, жалпы облыстың инфрақұрылымының жақсаруы мен дамуына оң әсер етеді», - деді аймақ басшысы кәсіпорынға барған сапары барысында.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен «АзияАгроФуд» АҚ ынтымақтастығы ауадай қажет. Өйткені, алда осы бірегей өндірісті одан әрі дамытудың қажеттілігі бар. Жүздесуге жиналғандар мұны жақсы біледі.

Облыстың аграрлық қоғам өкілдерімен бірге жүгері өнімділігін арттыруға тікелей әсер ететін егіс алқаптарының инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Жиын жалғасында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері техника, суару жүйелерін субсидиялау бойынша өздерін толғандырған сауалдарын тікелей қойып, субсидия алуға өтінімдердің қаралу мерзіміне қызығушылық танытты. Аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына шаруалардың көтерілген мәселелерін сол жерде шешуді тапсырды. Марат Сұлтанғазиев та қойылған барлық сұрақтарға тұшымды жауап беруге тырысты. Аймақ басшысының өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерімен мұндай кездесуі «АзияАгроФуд» АҚ бастамасымен алғаш рет өткенін айта кеткен жөн.

Жиынмен қатар фермерлерге арналған заманауи арнайы техникалардың көрмесі өтіп, тұқым өсірушілер, тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы препараттар, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарға арналған концентраттар, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев әрбір шаруамен жеке әңгімелесіп, ұйымдастырылған сшараға жоғары баға берді.

«АЗИЯАГРОФУД» АҚ БІРЕГЕЙ ӨНДІРІСІН КЕҢЕЙТУ АРҚЫЛЫ БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШПЕК