Жоба аясында заманауи өндіріс орны салынып, «Баян Сұлу» компаниясының жалпы өндірістік қуаты жылына 100 мың тоннаға дейін артады. Жаңа кешенде жыл сайын қосымша 13 мың тонна тәтті өнім шығарылмақ — бұл негізінен печенье мен бисквиттер, яғни компания нығайтуды көздейтін сегменттер.

Кешенде заманауи жабдықтар мен инновациялық технологиялар орнатылады. Бұл өз кезегінде:

  • өнім түрлерін кеңейтуге;
  • сапаны арттырып, өндіріс шығындарын азайтуға;
  • қазақстандық ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге;
  • импортты алмастыру мен жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбеновтің айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу үлесін алдағы үш жылда 70%-ға дейін жеткізу және негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайту жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді.

«Кондитерлік астана» кешенінің құрылысы нәтижесінде екі ауысыммен жұмыс істейтін 260 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы Қостанайды Қазақстанның кондитерлік өнеркәсіп орталығы ретінде нығайтып, отандық өндірісті дамытуға айтарлықтай үлес қоспақ.