Жаңа кешен кәсіпорынның өндіріс көлемін жылына 16,6 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Өндіріс толық қуатына шыққан кезде «Баян Сұлу» жыл сайын 68 мың тоннаға дейін кондитерлік өнім шығарады. Жобаның іске қосылуы нәтижесінде 260 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Кондитерлік астана» – «Баян Сұлу» АҚ-ның Қостанайдағы өндірістік базасын жаңғырту бағытындағы ірі жобалардың бірі. Жоба Мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін терең өңдеуді дамыту және өңделген өнім үлесін арттыру міндеттеріне сәйкес жүзеге асырылды.
Жаңа өндіріс орнында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері – ұн мен сірне өңделеді. Бұл отандық шикізатты тиімді пайдалануға, жоғары қосылған құны бар өнім түрлерін көбейтуге, экспорт көлемін арттыруға және өңірдегі бірқатар саланың дамуына ықпал етеді.
«Кондитерлік астананың» іске қосылуы – компаниямыз үшін маңызды кезең. Бүгінде Қазақстандағы кондитерлік өнімдер нарығының шамамен 65%-ын импорттық өнімдер алып отыр. Сондықтан отандық өндірісті дамыту, өнім түрлерін көбейту және қазақстандық өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыру біз үшін маңызды міндеттердің бірі. Жаңа өндірістік кешен бисквит өнімдері мен печенье шығаруды ұлғайтуға, қазақстандық ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге және тұтынушыларға сапалы отандық өнім ұсынуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғысымызды білдіреміз. Кәсіпорынды одан әрі дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жалғастыра бермекпіз», – деді «Баян Сұлу» АҚ басқарма төрағасы – президенті Тимур Садықов.
«Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы 1974 жылы құрылған. Компания Қазақстандағы кондитерлік өнімдер шығаратын ірі ұлттық өндірушілердің бірі. Бүгінде кәсіпорын 90-ға жуық бренд бойынша 300-ден астам өнім түрін шығарады. 2025 жылы компания өнімдерінің 55%-ы ішкі нарықта сатылса, 45%-ы экспортқа шығарылды. Негізгі экспорттық бағыт – Ресей Федерациясы. Бұл елге жеткізілетін өнім көлемі компанияның жалпы экспортындағы үлестің 78%-ына тең.

