Бұл жоба Қазақстандағы ең ірі кондитерлік өнім өндірушісі – «Баян Сұлу» АҚ тарапынан жүзеге асырылуда және өндірістік қуатты жылына 100 000 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, Костанай «Кондитерлік астана» болып, елдегі ең ірі кондитерлік өнімдер өндірушісіне айналады.

Екі ауысымдық режимде жаңа нысанда қосымша 260 жұмыс орны ашылатын болады.  Жобаға салынған инвестиция көлемі 14,3 миллиард теңге. Жобаның негізгі мақсаты – инновациялық технологияларды қолдана отырып жаңа жабдықтарды іске қосу және өнім түрлерін кеңейту.

«Ұннан жасалатын кондитерлік өнімдер нарығы Қазақстанда ең жылдам дамып келе жатқан нарықтардың бірі. Ресми деректерге сәйкес, 2023 жылы ЕЭҚ елдерінен ұннан жасалған кондитерлік өнімдер импорты 102 000 тоннаны құрады. Мәселен, «вафли», «қантты печенье» және «ұзақ пісірілетін печенье» сияқты сегменттерде «Баян Сұлу» АҚ сатылым бойынша көшбасшы болса, үлпілдек печенье және бисквиттер сегментінде үлесіміз аз. Бұл ретте, жоғары өнімділікке ие және заманауи өнімдерді шығару мүмкіндігі бар желілерді сатып алу аталмыш бағытта да көшбасшы болуға мүмкіндік береді», - дейді компания өкілдері.

Қазіргі таңда «Баян Сұлу» АҚ 300-ден астам кондитерлік өнім түрін шығарады. Компанияның портфелінде шамамен 90 бренд бар. Кәсіпорынның негізгі сату нарығы – Қазақстан, ол жалпы сату көлемінің 55%-ын құрайды. Экспорттық өнімнің басты тұтынушысы – Ресей, ол жалпы экспорттың 78%-ын алып жатыр. Жаңа кешенді салу компанияға екі жағдайда да нарықтағы үлесін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.