Хакатон аясында қатысушыларға компанияның нақты бизнес міндеттері ұсынылды. Солардың ішіндегі негізгі бағыттардың бірі Bayan Sulu Kids жобасы болды. Бұл - «Бота» балалар брендіне арналған мобильді қосымша концепциясы.
Жоба аясында қатысушылар брендтің балалармен және ата-аналармен өзара байланысын жаңа деңгейге шығарудың жолдарын ұсынды. Яғни, өнім арқылы ғана емес, цифрлық ортада да қарым-қатынас орнатуға басымдық берілді.
Командалар қазақы нақыштағы визуалды элементтері бар, танымдық мазмұнға негізделген, мини-ойындар, жетістік жүйесі, ата-аналық бақылау функциясы қамтылған мобильді қосымша үлгілерін әзірледі. Сондай-ақ балаларға бағыт-бағдар беретін КамБот кейіпкері де ұсынылды.

Сонымен қатар қатысушылар Sweet Chain жобасы аясында «Баян Сұлу» мен дистрибьюторлар арасындағы жұмысты цифрландыруға арналған шешімдер ұсынды. Бұл бағытта тапсырыстарды рәсімдеу, жеткізу үдерісін бақылау, талдау жүргізу және бизнес-процестердің тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылды.

Хакатон екі кезеңнен тұрды.  Алғашқы кезеңде командалар 24 сағат бойы онлайн форматта жұмыс істеп, MVP әзірлеу, пайдаланушы тәжірибесін қалыптастыру, техникалық шешімдер мен өнім логикасын пысықтады. Іріктеу нәтижесінде үздік 20 команда финалға жолдама алып, Астанада өз жобаларын таныстырды.
Жобаға қызығушылық жоғары болды. Хакатонға 135 команда, 400-ден астам қатысушы тіркелді. Сонымен қатар жоба халықаралық деңгейде де назар аудартты. Орталық Азия елдерінен қызығушылық танытылып, кейбір командалар өз жобаларын ағылшын тілінде қорғады.

«Баян Сұлу» компаниясында жастарға арналған білім беру, мәдени және әлеуметтік бастамаларды қолдау тұрақты бағыттардың бірі ретінде қарастырылады.

«Жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобаларды қолдау біз үшін маңызды. Жуырда «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының қолдауымен қазақ тілінде кәсіби дыбысталған төрт бөлімнен тұратын «Махаббат серті» AI-фильмі жарық көрді. Bayan Sulu Hackathon да осы бағыттағы жұмыстың жалғасы болды. Біз жастардың жаңа идеяларына әрдайым қолдау көрсетуге және тәжірибеде қолдануға болатын бастамаларды қарастыруға дайынбыз», — деді «Баян Сұлу» АҚ президенті Timur Sadykov Тимур Садыков.

Bayan Sulu Hackathon 2026 «Баян Сұлу» үшін жастар бастамаларын қолдау алаңы ғана емес, сонымен қатар брендтерді дамытуға арналған тың цифрлық шешімдерді сынақтан өткізудің тиімді форматына айналды. Компания мұндай жобалар жаңа идеялардың қалыптасуына және болашақтағы практикалық шешімдердің пайда болуына ықпал етеді деп есептейді.

Bayan Sulu Hackathon 2026: «Баян Сұлу» жастардың цифрлық бастамаларын қолдады