2026 жылы қазақстандық бидайды терең өңдеу өнімдері алғаш рет Сауд Арабиясына да экспортталды. Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілген өңделген астық өнімдері әлемнің 34 еліне жеткізіледі. Бұл отандық өнімге деген халықаралық сұраныстың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.
BioOperations – Қазақстанда бидай глютені мен бидай крахмалын өндіретін бірегей кәсіпорын. Сонымен қатар, ол - ТМД елдері арасындағы биоэтанол шығаратын жалғыз зауыт. Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан өндіріс орны жылына 340 мың тоннадан астам астық өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорын өнімдері Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Америка елдеріне экспортталады. Негізгі бағыттар қатарында Үндістан, АҚШ, Колумбия, Қытай, Түркия, Норвегия, ТМД елдері мен Еуропалық одақ мемлекеттері, сондай-ақ араб елдері бар.
Кәсіпорынның бас директоры Евгений Келин экспорт көлемінің артуы мен жаңа нарықтарға шығу жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті.
"АҚШ-та импорттық баж салығының өсуі және қазақстандық өнімдерге қатысты шектеулер енгізілуіне байланысты компания экспорт ағындарын жедел түрде өзге нарықтарға бағыттады. Соның нәтижесінде 2025 жылдың желтоқсанында Жапонияға бидай глютенін жеткізу басталды. Компания алдағы уақытта да Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдік шаруашылығы мен агробизнесті дамытуға арналған бағдарламалары аясында экспорт аясын кеңейтуді жалғастырады".
Жақын жоспарлардың қатарында Израиль мен Мексика нарықтарына шығу бар. Сонымен бірге, компания биоотын саласында пайдалану мақсатында Қытайға биоэтанол жеткізу мүмкіндігін қарастырып, келіссөздер жүргізуде. Кәсіпорын өндірісте отандық бидайды пайдаланады. Өңдеу барысында алынатын қосалқы өнімдер биоэтанол өндіруге бағытталады. Бұл шикізатты ұтымды пайдалануға және саланың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.

