Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» - қазақ драматургиясындағы ерекше құбылыс екені сөзсіз.
Өзінің 50 жылдық тарихында Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал болған «Bayan Sulu» бренді халқымыздың бай мәдени мұрасын өндірістік бағдарына арқау етіп келеді. «Баян Сұлу» АҚ Басқарма төрағасы-президенті Тимур Садықовтың айтуынша, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектакліне демеушілік жасау – ұлттық және мәдени құндылықтарымызды қолдауға, насихаттауға барынша ықпал етеді.
«Спектакльдың жарыққа шығуына демеушілік жасау арқылы қоғамды ел тарихының маңызды кезеңдеріне назар аударуға үндейміз. Бұл аңыз -махаббатты және даналықты, ерлік пен шыдамдылықты дәріптейтін ұлттық құндылықтың жарқын үлгісі. Қойылым көрерменін қуантып қана қоймай, XIII-XIV ғасырлардағы қазақтың лиро-эпостық жыры арқылы ұлттық рухқа бойлауға мүмкіндік береді. Ал таңдау неліктен М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына түсті дегенге келер болсақ, өнер ордасының өткені де, бүгіні де еліміздің мәдени өмірімен астасып жатыр. М. Әуезов атындағы театр - еліміздегі маңызды мәдени орталық қана емес, ең жоғары дәрежедегі өнер туындыларымен тамсандыратын, Мельпоменаны құрмет тұтатын көрерменнің ортасы. Театрға қолдау көрсету арқылы жастар арасында ұлттық мереке идеясын барынша насихаттаймыз, дәстүр мен тарихымызға ден қойғымыз келеді. Қазақстанда кондитерлік өнімдер шығаратын бірден-бір ұлттық өндіруші – «Баян Сұлу» компаниясы осындай демеушілігі арқылы халқымыздың мәдени мұрасын сақтауға үлес қоспақ», дейді компания президенті.
М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек «Баян сұлу» компаниясымен ынтымақтастық қара шаңырақтың 100 жылдығы қарсаңында атқарылатын іс-шаралармен сабақтасып жатқанын жеткізді.
«Жүз жылдық қарсаңында қазақ театрының, театр өнерінің өркендеуіне үлес қосқан классикалық шығармаларды түгендеуді мақсат етіп отырмыз. Ұлттық театр өнерінің дамуына зор үлес қосқан Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Жансүгіров сияқты үлкен абыздарымыздың, солар жасаған қазақ драматургиясының озық үлгілерін қайта түгендеп, халықпен қауыштырмақпыз. Халқымыз өткенін аңыз, жырларына, лирo-эпостық шығармаларына арқау етті. Осындай ауқымды жауһар дүниеміздің бірі – «Қозы көрпеш – Баян сұлу» спектаклінің сахналануына үлкен өндіріс орны «Баян Сұлу» компаниясы қолдау білдіріп отыр. Шын мәнінде бұл шығарманы сахнаға алып шығудағы мақсат бір-біріне деген сыйластығы, сүйіспеншілігі, Қозы мен анасының арасындағы керемет қарым-қатынас та бүгінгі жастар бойында болса екен деген мақсатттан туындап отыр», деп атап өтті Е.Жуасбек.
Спектакльдің режиссері, көптеген шығармашылық қойылымдарымен танылған, педагог, Қазақстанның өнер қайраткері – Әубәкір Рахимов.
«Қазіргі кезде спектакльге театрымыздың аға буын актерлері Бекжан Тұрыс, Бақтияр Қожа, Қозы мен Баянның аналары болып ойнайтын Күнсұлу Шаяхметова, Шынар Асқарова, жас актер Мағжан Асаубаев пен бірнеше үлкен рөлді сахналаған Индира Құлмағанбет, сахна сәні болып жүрген тағы да басқа жас буын дайындық үстінде. Осылайша көрермен таяу күндерде бизнес пен өнер үйлесімінің арасында жауһар туындыны көрерменге жарқ еткізіп көрсетудің сәті тумақшы. Шын мәнісінде халыққа жақсы дүние көрсету арқылы өндіріс орындарының өкілдері ұлт руханиятының, мәдени байлығының демеушісі бола алады», дейді театр директоры.
Е.Жуасбектің айтуынша, спектакльдің алдағы 15 сәуірде көрсетілуі де жайдан-жай емес. Жастарымыз «Қозы мен Баян» ғашықтар күнін атап өтсе деген ізгі ниетпен сол күнге жоспарланып отыр.
Айта кететін басты мәселе, «Баян Сұлу» компаниясы Қазақстанда білім беру, өнер, спорт және қайырымдылықты дамытуға бағытталған жобаларды қолдап келеді. «Тобыл» баскетбол клубы, биатлон құрамасы, шахматшы Бибісара Асаубаеваның турнирі, сондай-ақ көптеген дарын иесі компания тарапынан тұрақты қолдауға ие. Мысалы, Шавкат Рахмоновқа демеу көрсеткен уақытта ол UFC деңгейінде алғашқы қадамдарын жасаған жекпе-жек жұлдызы болатын.