Кештің атмосферасы жылы да шынайы болды. Балалар ата-аналарымен бірге бір сәтке күнделікті уайымнан арылып, мерекенің шуағын сезінді. Арнайы дайындалған бағдарламада түрлі ойындар мен өнер көрсетілімдері ұйымдастырылып, балалар Аяз ата мен Ақшақармен жүздесті. Ең бастысы, әрқайсысы көптен күткен сыйлығына қол жеткізді. Мұндай бастамалар KazFoodProducts үшін жай ғана акция емес. Бұл компания ұстанатын құндылықтардың, қоғамға деген жанашыр көзқарастың көрінісі.
Компания бас директоры Әлихан Талғатбек мұндай шаралардың маңызын атап өтті:
“Біз үшін қайырымдылық бұл бір күндік іс емес. Бұл біздің тұрақты түрде атқарып келе жатқан жұмысымыздың бір бөлігі. Балаларға, ардагерлерге қолдау көрсету, жастардың дамуына үлес қосу біздің басты бағыттарымыздың бірі. Кез келген ірі компания қоғамнан тыс өмір сүре алмайды, ортаға пайдасын тигізуі керек.”
Ата-аналардың айтуынша, бұл кеш балаларға ерекше әсер сыйлап, олардың көңілін көтеріп қана қоймай, Жаңа жыл ғажайыптарына деген сенімін нығайтты. KazFoodProducts алдағы уақытта да осындай игі бастамаларды жалғастырып, қоғамға шынайы қолдау көрсетуге бағытталған жобаларды жүзеге асыра бермек.
