Жылдық қуаттылығы 48 мың тонна болатын жаңа зауыт Алматы облысында салынады және бұл елдегі премикс өндірісіне маманданған алғашқы өнеркәсіптік кәсіпорын болады. Қазіргі уақытта мұндай өнімдер негізінен импортталады. Жобаны іске асыру импортқа тәуелділікті азайтуға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған.
«Бірлескен кәсіпорын құру – елдің мал азығы саласы үшін маңызды қадам. Қазір жемшөпке арналған құрамдас бөліктердің көбі шетелден жеткізіледі. Зауыттың іске қосылуы импорттың бір бөлігін алмастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджетке түсетін кірісті арттыруға және саланың тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «АзияАгроФуд» АҚ басқарма төрағасы Саян Ашенов.
UBM Group бас директоры Петер Хорват холдингтің мұндай бірлескен жобаларды Венгрия, Сербия, Румыния, Словакия және Австрияда сәтті жүзеге асырып жатқанын айтып, енді оған Қазақстан да қосылғанын жеткізді:
«Бұл – біздің осы өңірдегі алғашқы жобамыз. Қазақстанды таңдауымыз кездейсоқ емес – мұнда сапалы шикізат, тәжірибелі мамандар және саланы дамытуға қолайлы жағдай бар», – деді ол.
Еске сала кетейік, құрама жем мен премикс өндірісі саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі келісім 2024 жылғы қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Венгрияға ресми сапары барысында жасалған болатын.