Жобаның негізінде жекелеген технология емес, толыққанды өндірістік жүйе жатыр. Қоспаға пайдаланылатын биоэтанол Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан BioOperations зауытында өндіріледі. Бұл кәсіпорын Қазақстандағы бидайды терең өңдейтін жалғыз ірі кешен болып саналады. Ал дайын отынды өндіру және оны нарыққа жеткізу жұмыстары BioPetrolCompany арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, астықтан бастап дайын жанармайға дейінгі бүкіл тізбек бір холдингтың ішінде біріктірілген.

BI-95 отыны 5-10 пайыз көлемінде биоэтанол қосылған бензин қоспасы. Мұндай құрам жанармайдың негізгі техникалық сипаттамаларын, соның ішінде октан санын сақтай отырып, оның экологиялық әсерін айтарлықтай жақсартады. Биоэтанол дәнді дақылдарды өңдеу арқылы алынады және көміртегі шығарындыларын азайтатын экологиялық таза компонент ретінде қарастырылады.

Мұндай тәжірибе әлемде бұрыннан кең таралған. Еуропа елдерінде, АҚШ-та және Жапонияда биоэтанол қосылған жанармай 20 жылдан астам уақыт бойы қолданыста. Қазақстанда өндірілетін биоэтанол да халықаралық нарыққа бейімделген, ал BioOperations өнімі 2022 жылдан бері Еуропа Одағы мен Ұлыбританияға экспортталып келеді.

Ең маңыздысы, BI-95 отынына көшу үшін көлік қозғалтқыштарына ешқандай өзгеріс қажет емес. Бұл жанармайды қазіргі автокөліктердің барлығында еш қосымша бейімдеусіз пайдалануға болады. Зертханалық және тәжірибелік сынақтар биоэтанол қоспасы қозғалтқыш жұмысына кері әсер етпейтінін көрсетті. Қуат көрсеткіштері мен айналу моменті дәстүрлі бензин деңгейінде сақталады. Кейбір сынақ нәтижелерінде 367,3 ат күші мен 514,8 Нм айналу моменті тіркеліп, көміртек тотығының нөлдік деңгейі байқалған. AI-92 негізіндегі, 6 пайыз биоэтанол қосылған BI-95 те тұрақты әрі сенімді жұмыс көрсеткен.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жоба тек жаңа өнім шығару емес, саланың даму бағытын өзгертетін бастама.

«Бұл жоба біз үшін жай өнім өндіруден гөрі, тұтас бір бағыт қалыптастыруға қадам болды. Мұнда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және энергетика бір-бірімен тығыз байланыста дамиды. Мұндай шешімдер бір күнде жүзеге аспайды, өйткені басты мақсат тұрақты әрі ұзақ мерзімді жүйе құру. Біз бұл жобаны басынан бастап ұзақ мерзімді даму ретінде қарастырдық, оның өзегі ішкі өңдеуді күшейту және ресурсты тиімді пайдалану болды. Ең маңыздысы тек өнім емес, осындай модельдерді әрі қарай кеңейту мүмкіндігі. Бұл бір компанияның деңгейінен шығып, тұтас нарықтың дамуына әсер ететін бағыт», — дейді жоба жетекшісі Лаура Бергібаева.

BI-95 отынының экологиялық әсері оның негізгі артықшылықтарының бірі болып отыр. Оны қолдану нәтижесінде ұсақ бөлшек шығарындылары 70 пайыздан астам азаяды, азот оксидтері шамамен 25 пайызға төмендейді, ал парниктік газдар көлемі 60-70 пайызға қысқарады.

Қазіргі таңда BI-95 отыны Ros Petrol жанармай құю бекеттері арқылы сатылымға шықты. Нарыққа енген сәттен бастап өнімге тұтынушылар мен серіктестер тарапынан оң пікірлер айтылып жатыр.

Бұл отынның енгізілуі сала логикасын өзгертетін маңызды қадам болып отыр. Қазақстан тек жаңа жанармай түрін алып отырған жоқ, сонымен қатар ауыл шаруашылығы шикізатын тікелей энергетика саласына енгізетін жаңа өндірістік модель қалыптастыруда. Бұл экология, экономика және өнеркәсіп тоғысқан жаңа даму кезеңінің бастауы саналады.

KazFoodProducts Қазақстан нарығына экологиялық BI-95 отынын ұсынды