Аталған келісімдер Қазақстан Республикасы Президентінің төмен көміртекті экономиканы дамыту, шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайту жөніндегі стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған. Қол қою рәсімі халықаралық экологиялық талаптарға сай келетін заманауи авиациялық отын өндірісін құру жобасының нақты іске асыру кезеңіне өткенін білдіреді.
Келісімдер аясында тараптар екі үшжақты құжатқа қол қойды. Олар болашақ өндіріс орнының базалық жобалық құжаттамасын — Process Design Package әзірлеуді, сондай-ақ спирттік шикізат негізінде авиациялық керосин өндіруге мүмкіндік беретін Alcohol-to-Jet технологиясын пайдалану жөніндегі лицензиялық келісімді қамтиды.
Қол қойылған келісімдер жобаны одан әрі іске асыру үшін қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық және технологиялық негіз қалыптастырады.
«Стратегиялық келісімдерге қол қою — Қазақстандағы алғашқы тұрақты авиациялық отын өндірісін құру жолындағы маңызды қадам. Бұл жоба астық шикізатын терең өңдеу және биоэтанол өндірісі бағыттарын дамытуға, сондай-ақ қосылған құны жоғары жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Қазақстандық компаниялардың тәжірибесі мен KBR компаниясының халықаралық технологиялық құзыреттерін біріктіру жобаны заманауи экологиялық стандарттарға сай жүзеге асыруға негіз болады деп сенеміз», деп атап өтті — Жандос Есенбай, «KazFoodProducts» ЖШС даму жөніндегі бас директорының орынбасары
Инновациялық өндірістерді Қазақстанда дамыту елдің мұнай-газ химиясы және көлік саласындағы әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Жергілікті өндірісті қалыптастыру ірі инвестицияларды тартуға, жаңа технологиялар мен құзыреттер трансферін қамтамасыз етуге, сондай-ақ CO₂ шығарындыларын азайтуға елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші логистикалық хаб ретіндегі орнын нығайтуға ықпал етеді.

