Бұл құжат Қазақстанда тұрақты авиаотын (SAF) өндіретін зауыт салу жобасы бойынша негізгі келісімдерді бекітіп, тараптардың базалық жобалау кезеңіне ресми түрде өткенін білдіреді.
Жоба алкогольден реактивті отын өндіру (Alcohol-to-Jet) технологиясына негізделген PureSAFSM процесі арқылы тұрақты авиаотын өндіруді көздейді. Бұл технология биоэтанолды көміртек ізі төмен авиаотынға айналдыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында KBR компаниясы технология лицензиары әрі инжинирингтік серіктес ретінде қатысады. «ҚазМұнайГаз» өз кезегінде ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асырудағы тәжірибесі мен инфрақұрылымдық әлеуетін ұсынса, KazFoodProducts ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу және биоэтанол өндіру саласындағы құзыретіне сүйенеді.
Қазіргі таңда KazFoodProducts жылына 300 мың тоннадан астам астықты өңдеп, крахмал, бидай глютені және биоэтанол өндіреді. Компания өнімдері Еуропа, АҚШ және Жапония нарықтарына экспортталады. Бұл оның Қазақстанда қалыптасып келе жатқан тұрақты авиаотын өндірісі тізбегіндегі маңызды қатысушы екенін көрсетеді.
Терм-шитпен қатар «ҚазМұнайГаз» бен KazFoodProducts арасында тараптардың үлесі мен жауапкершілігін нақтылайтын жеке келісімдер де жасалды. Алдағы кезеңде технологиялық жобалау пакеті (Process Design Package — PDP) әзірленеді, оны 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл кезеңде технология жергілікті шикізатқа бейімделіп, болашақ өндірістің негізгі техникалық параметрлері айқындалады. PDP нәтижесі негізінде жобаны жүзеге асыру бойынша түпкілікті инвестициялық шешім қабылданады.
KazFoodProducts бас директоры Алихан Талғатбек жобаның маңызын түсіндіре кетті: «KazFoodProducts үшін бұл жоба — жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін дамыту, тұрақты шешімдерді енгізу және халықаралық әріптестікті кеңейту стратегиямыздың табиғи жалғасы. Бұл бастама агроөнеркәсіп кешенін энергетикалық трансформация үдерісімен ұштастырып, авиация саласының экологиялық тұрғыдан тұрақты дамуына негіз қалайды», - деді ол.
Жоба төмен көміртекті авиаотын өндірісін дамытуға бағытталған және авиация саласын декарбонизациялау жөніндегі жаһандық үрдістермен, сондай-ақ Қазақстанның парниктік газдар шығарындыларын азайту міндеттемелерімен толық сәйкес келеді. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде бәсекеге қабілетті авиаотын өндірісін дамыту қажеттігін атап өтіп, оның жоғары құны саланың дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі екенін айтқан болатын.
