Жаңа спорт кешені — заманауи әрі көпфункционалды нысан. Оның жалпы аумағы 577 шаршы метр және бір мезетте 36 адамға дейін қабылдай алады. Кешенде еркін күреске, боксқа және жалпы жаттығуларға арналған  залдар бар. Бұл спорт орталығы түрлі жастағы және әр деңгейдегі дайындықтағы тұрғындардың жаттығуына мүмкіндік береді.

Жоба KazFoodProducts компаниясының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясындағы бастамаларының бірі ретінде жүзеге асырылды. Оның басты мақсаты — өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды бұқаралық спортқа тарту.

«Біз тұрақты даму қағидаттарын ұстана отырып, жұмыс істейтін өңірлердің өміріне белсенді араласуды өз жауапкершілігіміз деп білеміз. Тайыншадағы жаңа спорт орталығы — бұл жай ғана ғимарат емес, бұл — жастардың болашағына, денсаулығына және белсенді өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесіміз», — деп атап өтті KazFoodProducts компаниясының басшылығы.

Жаңа спорт кешені алдағы уақытта тек жаттығу орнына ғана емес, сондай-ақ жергілікті жарыстарға, спорттық шеберлік сабақтарына және түрлі қоғамдық іс-шараларға арналған алаңға айналмақ. Бұл бастама жергілікті билік тарапынан да оң бағасын алды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өз пікірінде былай деді:

«Мұндай әлеуметтік маңызды нысандардың салынуына бизнестің демеушілік көрсетуі — бұл нақты әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі. Бұл — мемлекет пен жекеменшік сектор арасындағы тиімді әріптестіктің үлгісі. Бұл — ауыл тұрғындарының, әсіресе жас буынның денсаулығы мен дамуына қосылған елеулі үлес».

KazFoodProducts компаниясы қоғам өміріне оң ықпал етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

KazFoodProducts Тайынша қаласында жаңа спорт орталығын ашты