Шетелдік меймандар мен облыс әкімі EMC Agro өндіріс алаңын аралап, компания өкілдері оларға бүкіл өңдеу циклін көрсетті. Бұл кәсіпорында негізгі процесстер  автоматтандырылған және халықаралық санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сай келеді. Сапа бақылауы неміс анализаторларымен жабдықталған зертханада тәулік бойы қамтамасыз етеді.

   Кәсіпорын жұмысымен  танысқан соң, тараптар ынтымақтастық орнату бойынша мүмкіндіктерді талқылады. Атап айтсақ, Қытай бизнесмендері бұл кәсіпорыннан жылына 20 тонна шошқа  етін импорттауға қызығушылық танытып отыр. Статистикаға сүйенсек, қытайлықтар жыл сайын 100 миллион тоннаға дейін еттің бұл түрін жейді. Бұл ретте, EMC Agro өнеркәсіп кешенінің өкілдері Қытайға өнімінің 60%-ға жуығын жеткізуге дайын екенін айтып отыр. Бұл еліміздің ауыл шаруашылығы саласының экспортқа бағытталған ұмтылыстарына серпін бермек. Сонымен қатар, отандық өнім әлеуеті инвесторларға танымал болып, ет комбинаттарының қуаттылығын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары пайда болады деп күтілуде.

   «Қытайдың іскерлік топ өкілдері бірлескен жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытып, қазақстандық серіктестермен табысты ынтымақтастыққа үміт білдіріп отыр. Қытай тарапының талаптары жоғары екенін түсінуіміз керек. Оларға жеткізілетін тауардың көлемі тұрақты және шикізаты қауіпсіз болуы керек. Біздің етіміз, жалпы өнімдеріміз сапалы, оған күмәніміз жоқ, жемісті ынтымақтастыққа дайынбыз», - деп атап өтті EMC agro компаниясының директоры Ержан Елеубаев.

   Айта кету керек, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Қасым-Жомарт Тоқаев шаруалардың алдына азық-түлік қауіпсіздігімен қатар, зауыттардың өндірістік базасын кеңейту міндетін қойып отыр. Бұл ретте, қазақстандықтарды сапалы өніммен, ал инвесторларды үзіліссіз экспортпен қамтамасыз ету осы кездесудің негізі болса керек.

   EMC agro - республикадағы ет өңдеу кәсіпорындарының көшбасшысы. Кәсіпорын түпкі тұтынушы үшін жоғары сапалы, экологиялық таза өнім өндіру мен жеткізуге және еліміздің ет нарығындағы сұранысты толық қамтамасыз етуге бағытталған. Ет комбинатының өндірістік қуаты жылына 20 000 тонна ет және тәулігіне 30 тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.

   Қытай ет қауымдастығы ҚХР-дағы ет өндіру және тарату бойынша ең ірі ұлттық бірлестік және оған 1300-ге жуық мүше кіреді.

СҚО бизнесмендері Қытай ет қауымдастығы өкілдерімен кездесті