Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы тауарлары мен құрылыс материалдарын өндірушілердің көрмесіне барды. Көрмеге аграрлық сала бойынша ет, құс, сүт және балық өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының, сондай-ақ шырын, сусын өндірушілердің, көкөніс және жеміс өңдеушілердің тауарлары қойылды.
Мемлекет басшысы шаруалармен әңгімелесу барысында өңірдің климаттық жағдайы мен мегаполиске жақын орналасуы бұл салаға инвесторлар тартуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңа технологияларды енгізу, экологиялық таза өнім шығару маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды. Бұл туралы мен өз Жолдауымда нақты айттым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.