Төртжақты келісім жергілікті билік, инвестор, құрылғымен және инжинирингтік қызметпен қамтамасыз етуші компания және негізгі кәсіп иелері арасында орнады. Атап айтқанда, ынтымақтастық туралы меморандум Қостанай облысы әкімдігі, «Baiterek Venture Fund» АҚ, қытайлық Myande group және жаңа кәсіпорын тиесілі KazFoodProducts агрохолдингі арасында бекіді. Жаңа зауыттың ашылуы азаматтарды жұмыспен қамтып және мемлекеттік бюджетке кіріс түсіріп қана қоймай, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, экспорт әлеуетін көтеруге, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға оң ықпал етеді деп күтіледі.
Qostanay Grain Industry зауытының жылына 400 мың тонна бидайды терең өңдейтін қуаты болады деп жоспарланып отыр. Өндіріс орнында амин қышқылы, биоэтанол, глютен, мал азығы, бидай кебегі шығарылмақ. Зауыт 2027 жылы іске қосылады деп күтілуде.
«Бұл меморандум еліміздің инновациялық әрі экологиялық тұрақты өндіріс алаңдарын дамытуға деген ұмтылысты айқындай түспек. Облыста біліктілігі жоғары инженерлік-технологиялық бағыттағы мамандардың дәрежесі көтерілетін болады. Qostanay Grain Industry зауытының салынуы өңірдегі бидай өсіруші және өндіруші өзге де кәсіпорындар жұмысының алға басуына сеп болары сөзсіз», - деді Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар, меморандум аясында Алматы облысындағы бидай, жүгеріні терең өңдеу саласындағы лидер - «АзияАгроФуд» зауытының өндіріс қуатын тәулігіне 200 тоннадан 300 тоннаға дейін арттыру жобасы қарастырылған. Осы уағдаластық өңірде жүгеріні өткізу бойынша шаруалар арасында былтыр болған әлеуметтік түйткілдердің шешілуіне оң әсер бермек.
«Төртжақты меморандум негізінде жүгері өңдеуді жылына 33 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, экспорттық әлеуетті арттырады. Сонымен қатар, қазақстандық кондитерлік кәсіпорындар отандық крахмалмен толық қамтылатын болады. Біз Қостанай облысы әкімдігімен, «Baiterek Venture fund» АҚ және «Myande Group Co., Ltd» серіктестігі арқасында ауыл шаруашылығын дамытуда осындай ауқымды жобаларды қолға алып жатқанымызға қуаныштымыз», - деді «KazFoodProducts» Бас директоры Әлихан Қайратбек.
Тараптар ауылшаруашылығы секторы дамуы мен аймақтың экономикалық тұрақтылығының нығаюына сеп болатын аталмыш жобалардың сәтті жүзеге асырылатынына сенім білдірді.
Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі барысында екі ел арасында стратегиялық байланысты күшейтетін экономика, инвестиция, сауда-саттық жөнінде өзге де құжаттарға қол қою рәсімдері өтті. Мұндай келісімдер қос мемлекеттің ұзақмерзімді әріптестік орнатуға деген дайындығын көрсетіп, экономикалық тұрғыда өркендеуіне жаңа бағдар беретіні анық.