Вашингтон қаласында өткен B20 USA Summit 2026 саммиті аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов америкалық KBR компаниясының аға вице-президенті Хари Равиндранмен кездесіп, Рудный қаласында Қазақстандағы алғашқы тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіретін зауыт салу жобасының барысын талқылады.
Бұл жобаға KazFoodProducts холдингі де қатысуда. Болашақ зауыттың негізгі шикізаты холдинг құрамындағы BioOperations кәсіпорнында өндірілетін биоэтанол болады. Астықты терең өңдеуге маманданған кәсіпорын осылайша отандық шикізатты жоғары қосылған құны бар өнімге айналдырудың жаңа мүмкіндігіне ие болмақ.
Қазіргі уақытта KBR компаниясының PureSAF технологиясы негізінде зауыттың технологиялық жобалау құжаттамасы (PDP) әзірленіп жатыр. Бұл жұмысты 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Одан кейін жобаның базалық инженерлік жобалау (FEED) кезеңіне көшу көзделіп отыр.
Жобалық қуаты жылына 57 мың тонна SAF өндіруге жететін кәсіпорын жылына 100 мың тоннаға дейін биоэтанол өңдей алады. Өндірістің негізінде спирт шикізатынан авиациялық отын алуға мүмкіндік беретін Alcohol-to-Jet (ATJ) технологиясы қолданылады.
BioOperations кәсіпорнының бұл жобаға қатысуы отандық астықты терең өңдеу саласының мүмкіндіктерін кеңейтіп, қазақстандық биоэтанолды халықаралық тұрақты авиация нарығына шығаруға жол ашады. Сонымен қатар бұл бастама агроөнеркәсіп пен жоғары технологиялық өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады.