Атап айтсақ, бұл күндері Таиланд астанасы Бангкоктың BITEC халықаралық көрме орталығында жыл сайынғы «FI Asia Thailand 2023» көрмесі өткізіліп жатыр. Мұнда 600-ден астам компания өз өнімдерін ұсынған. Азық-түлік ингредиенттерін өндіру бойынша әлемдік көшбасшылар бас қосқан шараға 40 елден келген 20 мыңнан қатысушы жиналды. Оның ішінде қазақстандық компания - «BioOperations» ЖШС де бар. 

Іс-шараның бірінші күні отандық өндіруші «BioOperations» ЖШС көрме стендіне Сингапур, Тайланд, Вьетнам, Малайзия, Индонезия және Оңтүстік Корея елдерінен серіктестер қызығушылық танытты. Олардың назарын өнімнің сапасы аудартып отыр. Атап айтсақ, «Қазақстанда жасалған» бренді бар глютен мен крахмалды сатып алғысы келеді. 

«BioOperations» ЖШС FI Asia Thailand 2023 көрмесінде өнімдерін ұсынған жалғыз қазақстандық компания. Аталмыш іс-шараға қатысу мақсаты – экспорттың шекарасын кеңейту. Өйткені компания Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына қызығушылық танытып отыр. Айта кетейік, бұл аймақта халық санының қарқынды өсуіне байланысты тұтыну көлемі де артып келеді. Нақтырақ айтсақ, бүгінде Азия-Тынық мұхиты аймағында 4,5 миллиард адам тұрады. Бұл әлем халқының шамамен 60% -на тең, сондықтан осы нарықты экспорт әлеуеті жөнінен қарастыру - компания үшін маңызды болса керек. Мұнда отандық зауыт Қытай мен Аустралияның өндірушілерімен бәсекеге түспек. 

«BioOperations компаниясының бүкіл әлем бойынша 450-ден астам серіктесі бар. Өнім сапасының жоғары болуына байланысты қазақстандық өнімге сұраныс артып келеді. Бидай клейковинасы мен крахмал АҚШ, Норвегия, Бразилия, Үндістан, Түркия, Шығыс Еуропа және ТМД елдеріне экспортталады. Өткен жылы Колумбия алғаш рет қазақстандық крахмалды алды. Вьетнамға да алдағы бірнеше күнде үлкен жеткізілім күтілуде. Логистика Қара, Жерорта және Балтық теңіздерінің порттары және ең ірі кеме желілері арқылы құрылады. Әрине, біз үшін Оңтүстік-Шығыс Азия нарығында өзімізді орнықтыру маңызды. Мұнда миллиондаған тұтынушы бар, тамақ мәдениеті дәстүрлі асханада крахмал мен глютенді пайдалануды талап етеді», - дейді «KazFoodProducts» ЖШС компаниялар тобының сату жөніндегі директоры Лаура Бергібаева.

FI Asia Thailand 2023 көрмесінде бидай клейковинасы мен крахмалдан басқа «BioOperations» ЖШС шығаратын экологиялық таза отын – биоэтанол да ұсынылды. Оның үстіне бұл зауыт - Орталық Азиядағы осындай қуат көзін шығаратын жалғыз кәсіпорын.

3 күн ішінде Fi Asia Thailand 2023 қатысушылары халықаралық байланыстар орнатып қана қоймай, сонымен қатар, тамақ жабдықтары, тағамдық қоспалар, сақтау және орау, өңдеу технологиялары, тағам ингредиенттері және тамақ өндірісінің технологияларын үйренеді.

Қазақстандық глютен Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне экспортталмақ