Аймақ басшысы, ең алдымен, «EMC AGRO» ЖШС-де болды. Әкімге кәсіпорында шығарылатын ет өнімдерін, яғни, грильде пісірілген шұжықтар, маринадталған кәуаптарды сату барысы көрсетілді. Ет комбинаты алдағы уақытта тұшпара дайындау цехын да іске қосып, котлеттер шығаруды жоспарлап отыр.

«Біз шұжықтарда тек табиғи шикізатты – өзіміз өсіретін мал етін пайдаланамыз. Өнімдерімізді әзірге тек Қазақстанда ғана сатамыз. Тауарларымызды сататын 10 фирмалық дүкен аштық», - деді «EMC agro» ЖШС ет комбинаты директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Лариса Косова.

       Бүгінде «EMC AGRO» шаруа қожалығында 100 мың басқа жуық мал бар. Аталмыш көлемді 200 мыңға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазір ол үшін тиісті аумақтың құрылысы жүріп жатыр, мал әкелуге қаражат есептелді. Жобаның құны 19,5 млрд теңге болмақ.

«Бүгінде жұқпалы аурулар кесірінен шетелден мал тасымалдау қиын. Оның үстіне бұл өте қымбат. Сондықтан Қазақстан өз генетикасын дамытуы керек», - дейді «KazFoodProducts» ЖШС басқарушы компаниясының бас директоры Әлихан Талғатбек.

       Тайынша қаласында Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі «BIOOPERATIONS» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен де танысты. Өңір басшысына астықты терең өңдеу және экспорттау үдерісінің келешегі мен кедергілері туралы айтылды. 

Ғауез Нұрмұхамбетов «Элеватор Тайынша» ЖШС-де де болды. Дайын мал азығын өндіру, ауыл шаруашылығы дақылдарын сақтау, өңдеу жұмыстарымен танысты. Сапар барысында облыс әкімі астық қабылдау кәсіпорындарының басшыларымен де кездесті. Олар астық қоймаларын толтыру жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Өз кезегінде, «Элеватор Тайынша» ЖШС директоры Шиназбек Балқыбек қойма сыйымдылығы қазіргі таңда 43 пайызға толғанын атап өтті. Оған 15 күн бойы толассыз жауған жаңбыр себепші болған еді. Элеваторларға астық қабылдау жұмыстары жалғасып жатыр.

Фото және ақпарат дереккөзі: https://qyzyljartv.kz/kz/news/40919

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тайынша ауданындағы ірі кәсіпорындарды аралады