Спикердің айтуынша, бензин құрамында биоэтанолды қолдану отынның толық жануына ықпал етеді, бұл ауаға көміртегі тотығы мен өзге де бөлшектердің таралуын азайтады. Яғни, стандартты бензиннің орнына жылына 1 миллион тоннаға дейін экологиялық отын пайдалансақ, атмосфераға таралатын СО2 жылына 1,5 миллион тоннаға дейін азаймақ.
«Бізді бірінші кезекте мегаполистердегі экологиялық жағдай алаңдатады және мәселенің шешімін экологиялық таза отынды енгізу арқылы көріп отырмыз. Бүгінде Қазақстандағы бидай дәнін терең өңдейтін жалғыз кәсіпорында, яғни «BioOperations» зауытында қалдықтардан биоэтанол өндіреміз. Бұл - Еуропада 20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан жаңа бензин түрінің шикізаты. Осы мақсатта Еуропа елдері қазақстандық биоэтанолды импорттайды. Қазақстанда өндірілетін биоотын өз еліміздің де экологиясын жақсарту үшін пайдаланылуы тиіс», - деді Лаура Бергібаева.
Осылайша, «BioOperations» ЖШС жақын арада Қазақстан Республикасының нарығын жаңа отын – бензанолмен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл мегаполистердегі экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді, - дейді компания өкілдері.
«Дүниежүзілік банктің ресми деректері бойынша, жыл сайын 225 млрд теңге тек сырқаттану парақтары пен емделуге, тыныс алу жүйесі ауруларын емдеуге жұмсалады. Бір ғана Алматы қаласының өзінде автокөліктерден шығарылатын зиянды заттар жылына 2 миллион тонна шамасында. Жанармай құрамына биоэтанолды қосу бұл көрсеткішті жылына 1,5 миллион тоннаға дейін төмендетеді. Экологиялық аспектіден бөлек, өндіріс нысандары салынып, жаңа жұмыс орындары ашылады», - деді Лаура Бергібаева.
Салыстырмалы тиімділігі мен үнемділігіне қарамастан, автомобиль - қоршаған ортаны негізгі ластаушылардың бірі. Бұл ретте, Төртінші өнеркәсіптік революция технологияларына, жасыл экономиканың принциптеріне көшу – жағдайдан шығу жолдарының бірі болса керек. Орталық Азия мемлекеттері осы бағытта бірқатар маңызды жобаларды қолға алып отыр. Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекіткен болатын. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы барлық жоспарланған жұмыстардың маңызы жоғары екенін қадап айтты.